21.11.2017

Тұрақтылық пен қоғамның өсіп-өркендеуі үшін мемлекеттік басым бағытта ең алдымен экономикаға назар аудару керек. Содан кейін ғана саясатқа орын берген жөн. Ал егер саясат алдыңғы қатарда жүрсе, онда экономикаға бет бұруға мүмкіндік болмай қалуы ғажап емес. Бұл экономикалық саясаттағы қағидалардың бірі десек те болады. Апта басында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен «Белсенді азаматтық қоғам – мықты Қазақстан» тақырыбымен өткен кездесуде осы мәселе де ашық қозғалды. Сыр елінің соңғы жылдардағы серпінді дамып келе жатқан экономикасы да еліміздің осы қағиданы ұстанып отырғанының нәтижесі. Экономика теориясының аталарының бірі А.Смит ойлап тапқан «нарықтың көрінбейтін қолы» сызбасы қазіргі күннің өзінде экономикалық бәсекелестіктің артуына оң ықпал етіп отыр. Жерасты байлығының ішінде «қара алтын» атағын иеленген мұнайдың облыстағы өндірілуінің 98 пайызы су, 2 пайызы ғана мұнай болуына экономикалық саясаттың түк те қатысы жоқ. Ал, есесіне құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларында жеткен жетістік аз емес. Бұл ретте аймағымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың да иығында тұрған жүк жеңілдік етіп тұрған жоқ.

  • Билік пен халықтың арасындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау – азаматтық қоғамның қалыптасуына септік жасау. Мемлекет тарапынан қолдау көрсету – мемлекет басшысының саясаты. Байқап қарасаңыздар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ экономиканы алдыңғы орынға қою жүйесі қалыптасты. Ал саясатты бірінші орынға қойғандағы мәселені көрші елдерден көруге болады. Орта Азия мемлекеттерінің соңғы 26 жылда 87 пайыз инвестициясы тікелей Қазақстанға келген. Неге? Себебі саяси тұрақтылық, елдің ауызбіршілігі, мықты билік. Балабақшаға барып жүрген баланың өзі тәрбиешіге көнбейтін кездер болады. Сол секілді қоғамда да қалыптасу кезеңінде түрлі саяси көзқарастар мен түсініспеушіліктер орын алып жатады. Біз біртұтас ел болғаннан кейін мұндай қиыншылықтарды елемеуіміз керек. Ал енді үкіметтік емес ұйымдарға келетін болсақ, барлық аудандарды қоса алғанда, облыс бойынша олардың жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2009 жылы 45 млн теңге бөлінсе, биыл 3 млрд теңге қаржы қаралған. Жақында ғана 6,3 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыруға шешім қабылданды, — деді жиынның алғысөзінде аймақ басшысы.

Жиынның негізгі бағыттары түсіндірілгеннен кейін үздік жұмыс жасап келе жатқан ҮЕҰ төрағалары мен төрайымдары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аймағымыздағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келе жатқан «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Баймаханова Арал экологиясы бағытында баяндама жасады. Облыс әкімі де осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем тоқталды.

  • САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асырудағы 6 компоненттің 4-еуі республикалық бюджет қаржысынан шешімін табатын болды. 144 мың гектар жерге ағаш егуге арналған жобаны жүзеге асыру үшін ұйымдастырылған қосымша 8 компонент дүниежүзілік банк қаражаты есебінен қаржыландырылмақ. Өзбекстан басшылығы үш жыл бойы келіспей жүрген позициясын өзгертті. Қазіргі президент Ш.Мирзиеев те бұрынғы президенттің экспорттық пікіріне жүгінеді. Сол себептен ҚР-ның мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова жылдың басында Қызылорда облысына іссапармен келген уақытта Аралға апарып, барлығын түсіндіріп, жұмыс жасадық. Дүниежүзілік банкімен де келісілген жобалар толығымен жүзеге асатын болды. Қоғамның да, әкімдіктің де көтеріп отырған мәселелері Елбасы тарапынан қолдау тауып келеді, — деді облыс әкімі Қ.Елеуұлы.

Елбасы мақаласындағы рухани жаңғыру мәселесіне қатысты ҮЕҰ-ның атқарып жатқан жұмыстары ел ішінде кеңінен насихатталып, жастар арасындағы отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерінің қалыптасуына септігін тигізіп келеді. Ел дамуының алғышарты өз алдына бөлек әңгіме. Ел халқының өзекжарды міндеттерінің барлығы қоғамның ішкі даму талаптарынан туындайды. Елдің табиғатын оның экономикалық, әлеуметтік және мәдени мазмұны мен ішкі трендтері айқындайтыны тағы бар. Осыларды есепке алмай, басқа мемлекеттердің даму модельдері мен ерекшеліктерін өзімізге көзсіз енгізуге ұмтылу біздің болмысымызға жат. Бұлай болуы түптің түбінде дамуды тежейді. Әрине, бұл ойдан әлемдік ғылым, техника, технология және ақпараттың озық үлгілерін алмаймыз деу емес. Қазақстан өзіне қажетті заманауи жетістіктерге есігін ашып қойған. Соның бірі – әлемдік ғарыштық державаға айналу. Облыс әкімінің айтуынша, 2022 жылы біз өзімізді ғарыштық мемлекетпіз деп толықтай айта аламыз.

Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени, рухани өзекті мәселелер қозғалған кездесу аясында «Ұмай» емдеу-тәрбиелеу балалар қайырымдылық үйінің директоры А.Ізден, «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының төрағасы Ғ.Тұяқбаев, «Қызылорда облыстық Азаматтық Альянсы» қауымдастығының Байқоңыр қаласы филиалының жетекшісі Б.Қалиянова, «Жас ғалымдар Альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Нобель медалінің иегері Н.Аппазовтар өз салалары бойынша баяндама жасап, өзге қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар облыс әкіміне өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Н.Нұржаубай (сурет)

http://www.halyk-gazeti.kz/